Б.Сапарбаев: «Облыста спорт саласына жыл сайын 6 млрд. теңге қаржы бөлінеді. Бірақ, одан нәтиже жоқ»

Спорттың дамуы және гiр көтеруден әлем чемпионатына дайындық. Облыстық әкiмдiкте өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы тақырып талқыланды. Оған басқарма, спорт мекемелерiнiң басшылары, ардагер спортшылар қатысты.

Ақтөбе облысында 1863 спорт ғимараты бар десек, онда 224 мыңнан астам ақтөбелiк жаттығады. Бұл жалпы халықтың 26,3 пайызын құрайды. Дегенмен, бұл Ақтөбенің әлемдік спорт додаларындағы көрсеткіштерін еселемей отыр. Мәселен, 2013 жылы медальдар саны 489 болса, 2015-те 441 медальдi еншiлеппiз.
— Жалпы облыс бойынша спортқа берілетін қаржы алты миллиард теңгеден астам. Нәтиже жоқ. Өкінішке орай, Ақтөбеде осы уақытқа дейін бірде бір олимпиада жүлдегері шыққан жоқ. Басқа облыстармен салыстыратын болсақ ұят. Мен әрдайым қарап отырамын. Қазақстан чемпионаты, Еуропа, Азия чемпионаты болып жатқан кезде Ақтөбе жоқ. Кезінде бізде дамыған спорттың түрлері төмендеп бара жатыр, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жиын барысында облыста олимпиадалық және бұқаралық спорт түрлерiн дамыту мәселесі сөз болды. Өзге өңiрлерге кетiп қалған бапкерлер мен спортшылар жайы да айтылды. Аймақта 2012 жылдан берi әлем чемпионаты ұйымдастырылмаған. Төрт жыл бұрын бiздiң өңiр самбодан халықаралық деңгейде жарыс өткізді. Ал биыл әлемнiң 35 елiнен гiр спортының 450 майталманы келеді деп күтiлуде. Дайындық жұмыстары белсендi. Кейбiр мәселелер осы жұмаға дейiн шешiлiп бiтуi тиiс. Чемпионат Ақтөбенiң Қоныс спорт сарайында 26-30 қазанда өтеді.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз