Ақтөбеде қара жұмысқа қажетті қолғап тігілетін болды

«Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 11 кәсіпкерге қолдау көресетіледі. Бұл облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың қатысуымен өткен өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.

Жиынға жергілікті тауар өндірушілер мен өзінің жеке кәсібін ашқысы келетін азаматтар қатысты. Әрқайсысы бүгінгі күні нарықта сұранысқа ие өнімдерді өндіруге құлшыныс білдірді. Мәселен, Мұғалжар ауданының Қандағаш қаласындағы наубайхана иесі кәсібін кеңейткісі келсе, «Мырзабаев» жеке кәсіпкерлігі болашақта мақта-матадан қолғап тігіп шығаруды көздейді. Себебі бүгінгі күні қара жұмысқа қажетті ондай қолғаптар өңірімізге тек Ресейден ғана жеткізіледі екен.

— Қазақстан бойынша мақта-матадан жасалатын қолғаптар тек санаулы ғана қалалардан шығады. Олар, Шымкент, Алматы және Қарағанды. Ал, біздің облысқа көршілес Ресей елінен әкелінеді. Сондықтан, бұл менің көптен бергі ойымда жүрген жобам. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болсам, бірден ісімді бастап кеткім келеді,— дейді «Мырзабаев» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Арман Мырзабаев.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз