Ақтөбеде 8 мың маскүнем мен 2 мың нашақор есепте тұр

Алкогольдік ішімдікке әуес 10 мың ақтөбелік наркологиялық есепте тұр. Бұл туралы бүгін «Алкогольдік ішімдікке жол жоқ» деген атаумен елімізде өтіп жатқан онкүндік аясында облыстық наркологиялық диспансердің дәрігерлері мәлімдеді.

Алкогольдік ішімдікке әуес сегіз мың адамның 10 пайызын әйелдер құрайды. Жалпы, диспансерге түсетін әйелдер мен ерлердің жасы 25-тен жоғары. «Маскүнемдік адамның денсаулығына, тұрмысына, еңбек қабілетіне және қоғам өміріне зиян келтіреді», — дейді мамандар.
48 жастағы Мұрат Раушанов облыстық наркологиялық диспансердің есебінде 10 жылдан бері тұр. Оның ішімдікке тәуелді болғанына 20 жылға жуықтаған. Ол Ойыл ауданынан тоқсаныншы жылдары Ақтөбеге қоныс аударады. 10 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істейді. Отбасы бар.
— Қазір диспансерде ем қабылдап жүрмін. Ерік күшім жетсе, жаман әдеттен аулақ болып, қалыпты өмірге оралғым келеді. Арақтың кесірінен абыройымды жоғалттым, — дейді Мұрат.
Елімізде қазанның 17-сінен 26-сына дейін «Алкогольдік шімдікке жол жоқ» деген атаумен онкүндік өтуде. Осы акция аясында еліміздің барлық медициналық мекемелерінде ашық есік күні өткізіледі. Білікті дәрігерлердің қатысуымен дөңгелек үстел, семинар-тренингтер және психолог, нарколог мамандардың қатысуымен тегін кеңестер беріледі
— Қазіргі күні алкогольдік ішімдікке тәуелділерді тек психотерапия әдісі ғана емдейді. Оның нәтижесі жаман емес. Тек, дәрігер дұрыс талап қойып, ал, пациент тарапынан емделуге деген талпыныс болуы қажет. Өкінішке орай, кейбір кездері науқастардың туысқандары түсінбей жатады. Маскүнем неліктен тез айықпайды деп бізбен дауласады. Ал оған уақыт, төзім керек, — дейді Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансер дәрігері Дина Тілеубаева.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын 3,3 миллионға жуық адам алкогольді шектен тыс пайдаланудың салдарынан көз жұмады. Ал Қазақстанда Ұлттық әлеуметтік тексерудің нәтижесі бойынша, алкогольді пайдаланушылар қатары жыл санап сиреп келеді. 1998 жылы 55 пайыз болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 24 пайызды құрады.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз