Хромтауда 130 волейболшы қыз қатысқан халықаралық турнир өтті

Хромтауда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жасөспірім қыздар арасында валейболдан халықаралық турнир өтті. Оған еліміздің бірнеше аймағы мен көршілес Ресейдің Орынбор, Самара, Башқұртстанның Нефтекамск қаласынан командалар келді.

Ақтөбе, Петропавл, Арал, Шымкент, Нефтекамск пен Тұзтөбе, Самара мен Новотройцкіден 130-ға жуық жас валейболшы қыздардың ойыны хромтаулықтарды тәнті етті. Спорттық шара дәстүрлі түрде оншақты жылдан бері өткізіліп келеді. Жылдан жылға қатысушылар саны да артып отыр. Биылғы турнирде 16 команда 28 ойын өткізді.
— Мұндай ойындар жасөспірімдердің спортқа бейімділігін арттырып, тәжірибе алмасуда зор септігін тигізеді. Хромтаудың қыздар командасы жақында ғана ел чемпинатына қатысып, жүлделі оралды, — дейді бас төреші Ринат Ерғазин.

Турнир фавориттерінің бірі Башқұртстанның Нефтекамск қаласынан келген қыздар командасы. Ойынның бірінші күні-ақ, суырылып алға шықты. Ресейлік жасөспірім қыздар командасы өз елдерінің бірнеше дүркін чемпиондары.
— Біздің команданың Қазақстанға алғашқы келуі. Әсеріміз керемет. Бізді жақсы қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтамыз. Оның үстіне бұл турнир Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған екен. Жалпы спорт елдер арасында достықтың символы. Біз екі елдің арасындағы ынтымақтың артуына да өзіміше үлес қостық деуге болады, — дейді Башқұртстан командасының волейболшысы Софья Воронова.
Жас ерекшеліктеріне қарай екі топ бойынша өткен жарыстың қорытындысында бәірінші орынды хромтаулық қыздар командасы мен Петропавлдың спортшылары жеңіп алды. Турнирдің бас демеушісі Дөң тау-кен байыту комбинаты өңірдің спорт саласының дамуына ерекше үлкес қосып келе жатқан компаниялардың бірі.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдырыңыз