Ақтөбеде теракт жасаған 29 адам сот залына келеді

201 томдық қылмыстық істе 48 куәгердің жауабы тыңдалатын болады.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 18-қазан күні теракт жасаушылардың ісі тыңдалады. 201 томнан тұратын қылмыстық іс бойынша сотталушылардың мүддесін 27 қорғаушы қорғайды. Сот залында 48 куәгер түсініктеме береді. 5-маусым күнгі теракт оқиғасынан 88 адамның жәбір көргендігі хабарланды.
— Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 7-қазан күні 5-маусым күні орын алған террорлық акт оқиғасы бойынша қылмыстық іс келіп түсті. Іс бойынша сотқа 29 адамның тізімі берілген. Оның 9-ы — қылмыс жасағандар,18-і дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламаған және 2-еуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталуда, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен Илиада Досова.
5-маусым күнгі 45 адамның террористік шабуылы бүкіл елді дүрліктірген болатын. Таңатаров бастаған қылмыстық топ «Паллада», «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасағаннан кейін «66/55» әскери бөлімшесіне баса көктеп кіргені есімізде.
Шабуыл кезінде 7 адам қаза тауып, 13 адам түрлі дене жарақатын алды.
18-қазан күні теракт жасаушылардың соты БАҚ арқылы хабарланатын болады.

Пікір қалдырыңыз