Жерде жатқан қаламға да жарылғыш зат жасырылуы мүмкін

Мамандар иесіз жатқан заттарды ұстауға болмайтынын айтып, семинарлар өткізіп жатыр.

Ақтөбеге арнайы келген мамандар әр бағыт бойынша жекелеген кездесулер өткізіп жатыр. Террористік іс-қимылдың алдын алу барысында жұмыстар жүргізіп жатқан 6-шы топ өкілдері ақпарат құралдарымен кездесу өткізді.
—Темір мен Хромтау ауданының халқымен кездесулер өткіздік. Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарын араладық. Мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен және қарапайым халықпен кездестік. Террористік жағдай туындаған кезде адамның қандай іс-әрекеттер жасау керектігі түсіндірілді. Семинарлар өткізгеннен кейін тест жұмыстарын жүргіздік. Халықтың ақпараттануы 92 пайыздық жоғары баға көрсетті, — дейді Батыс Қазақстан облысының прокуроры Алмас Унаев.
Мамандар тұрғындарға иесіз затты ұстамау керек екендігін ескертеді. Қауіпсіздіктің сары деңгейі жарияланғандықтан, жерде жатқан ойыншықтың өзі қауіпті болу мүмкін.
— Жарылғыш заттарды анықтау өте қиын. Қазіргі кезде жарылғыш затты кез-келген нәрсеге қолданып жатыр. Қаламға да жарылғыш салуға болады. Теракт бола қалған жағдайда ең алдымен не істеу керектігін, адамдарға қалай көмектесуге болатынын түсіндіріп жатырмыз, — дейді прокурор.
Құқық қорғау қызметкері түсіндіру жұмыстарының Ақтөбе қаласында басталуын теракт оқиғаларының осы облыста тіркелуімен түсіндіреді.
— Қазақстан жерінде терроризм оқиғасы Ақтөбе облысынан басталды. Одан кейін Тараз, Атырау, Құлсары қалаларында күдіктілердің қолдан жасалған жарылғыш заттарды пайдалануға әрекеттенген жағдайлар болды. Жарылғыш зат жасау еш қиындық туғызбайды. Сондықтан, кез-келген нәрседен сақтану керек, — дейді Алмас Унаев.

Пікір қалдырыңыз