Ойылға газ барды

Ақтөбенің шалғай жатқан аудандарының бірі Ойылдың орталығында тұратын 6 мың тұрғын енді көгілдір отынның қызығын көретін болды. Ауылда 871 жеке үй мен 59 коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысан бар. Енді барлығы да газбен жылытылады.

«Ақтөбе облысының елді мекендерін газдандыру және газ тарту жүйелерін жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы аудан орталығындағы көшеаралық және жеткізуші газ құбырының құрылысын аяқтады.

Ауылдың көптен күткен бұл қуанышын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ҚазТрансГаз» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиевтер бөлісті.
— Ұлттық оператор болып есептелетін «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының арқасында аудан орталықтарын газдандыру жұмыстары әрмен қарай жалғасады. Бұл компания мен облыс әкімдігі арасында келісілген меморандум бар. Сол меморандумның арқасында алдағы үш жылда жалпы Ақтөбе облысындағы халықты газбен қамтамасыз етуді 92-94 пайызға жеткізуіміз керек. Тек қана Ойылға ұзындығы 115 шақырымдық газ құбырын тарту үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы есебінен құны 2,6 миллиард теңге қаражат жұмсалды.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне біздің облыста барлық аудан орталықтары газдандырылады. Бірнеше жылдан кейін көгілдір отынды барлық елді мекен тұрғындары тұтынатын болады, — деді Б.Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз