Мүмкіндігі шектеулі азаматтар саябаққа еркін кіріп-шығатын болды

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябағына кіре берісте мүмкіндігі шектеулі адамдарға ыңғайлы болуы үшін пандус салынды. Бұрын қоларбаға таңылғандар саябаққа баспалдақ арқылы кіру қиын болғандықтан, көлік жолымен ғана кіре алатын. «Пандус-ОК» ЖШС салған жаңа пандус ұзындығы — 17 метр. Құны — 1,5 миллион теңге.

— 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмыз. Әзірге 5-6 нысанға ғана пандус салынды. Бұдан өзге түрлі мекемелердің басшыларымен кездесіп, кеңес беру жұмыстарымен де айналысып келеміз. Пандус жоқ мекемелерге мүгедек азаматтардың біреудің көмегінсіз кіруі қиын. Мен бірде Америка құрама штаттарына бардым. Егер бізде пандусы бар мекеме іздесең, ол жақта пандусы жоқ мекеме іздеп таппадым, мүгедек азаматтарға бар жағдай жасалған, — дейді «Пандус-ОК» ЖШС басшысы Шахан Жолдасбаев.

Шахан отбасымен осы саяббаққа жиі келеді екен. Пандус жоқ болғандықтан, саябаққа кіру қиын болғандығын айтады.
— Саябаққа жиі келемін. Мұнда тек мүгедек азаматтардың ғана емес, арба сүйреткен жас аналар да кіре алмай, біреудің көмегіне жүгініп жататынын жиі байқадым. Осыдан екі апта бұрын саябақ басшылығы тапсырыс беріп, осы пандусты жасадық. Бұл пандус халықаралық талаптарға толықтай сай келеді. Еңіс бұрышы — 6 градус. Мүгедек азаматтың өзгенің көмегінсіз жүруіне ыңғайлы, — дейді Ш.Жолдасбаев.
Серіктестік басшысының айтуынша, саябақ басшыларымен арада жұмыстар одан әрі жалғасады — қараша айында саябақтағы орталық сахнаға да мүгедек азаматтардың еркін мініп-түсуі үшін пандус салынбақ.

Пікір қалдырыңыз