Психолог: Баланы ұялы телефон мен ғаламтордан шектеу керек

Ата-аналар мен психологтар балаларды интернетке жолатпаудың жолдарын іздеді.

Сурет «Азаттық радиосы» сайтынан алынды

Бүгін Ақтөбедегі барлық мектептің ата-аналар комитеті балаларды интернеттен қалай қорғауға болатынын талқылады. Бір күндік семинарды облыстағы іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған. Сабақтан тыс кезде интернет әлемін еркін «кезетін» балалардың дені ашушаң дейді мамандар. «Ақбөбек» балалар орталығында өткен семинарда интернеттің балалар үшін қаншалықты қауіпті екендігі талқыланды:
— Жасөспірімдердің 80 пайызы компьютерге тәуелді. Компьютер алдында ұзақ отыруы салдарынан баланың психикасы бұзылады. Жат ілімнің де әлеуметтік желілер арқылы насихатталып жатқанынан хабардармыз. Сондықтан біз балалармен жұмысты күшейтуіміз керек,- — дейді семинарға арнайы шақыртылған психолог.
Ата-ана, мектеп мұғалімі, IT-мамандары және арнайы психолог мамандардың қатысуымен өткен кездесу кезінде баланы ұялы телефон мен интернеттен мейлінше шектеу керектігі туралы айтылды. Семинарға шақырылған IT-мамандары ата-аналарға сайттарды қалай бұғаттауға болатынын үйретті.
— Менің үш балам бар. Үйге интернет қосқан жоқпыз. Олардың телефондағы ойындарға көп қадалып отырмауын да қадағалап отырамыз. Үш бала болғаннан кейін өздері ойнап кетеді, тіпті интернетті іздемейді де. Қазір қалада тегін ойнауға болатын түрлі спорт алаңдары ашылып жатыр. Ол жерде баланың көңілі бөлінеді, — дейді ата-аналардың бірі Гүлнәр Әлмұратова.
Психолог мамандар балалардың демалыс кезінде уақытты тиімді өткізудің жолдарын ұсынды. Балалармен көбірек сөйлесу керек екендігі айтылды.

Пікір қалдырыңыз