Ақтөбеде 5 маусым күнгі лаңкестік оқиғасына қатысқан 29 адамға қатысты тергеу ісі аяқталды

Ақтөбеде 5 маусым күні болған терроризм актісі туралы қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Теракт кезінде 7 адам қаза тауып, 30 адам жарақаттанған болатын. Терроризмге қарсы күрес операциясы кезінде 18 күдіктінің көзі жойылып, 9-ының ұсталғанын білеміз.
Іс бойынша 29 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатыр (28-і қамауға алынды): 9 адам терактіге тікелей қатысушы,18 адам — дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, 2 адам қылмыскерлерді жасырғаны үшін айыпталды. Айыпталушылар өз кінәларын толықтай мойындады. Іс бойынша 215 сараптама жүргізілген. 101 адам — жәбірленушілер қатарында.
Бүгінгі таңда барлық тергеу әрекеттері аяқталды. Айыпталушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99 (кісі өлтіру), 192 (қарақшылық), 255 (терроризм актісі), 257 (террористік топ құру, басшылық ету және оның әрекетіне қатысу) баптары мен өзге де баптар бойынша дәрежеленді.
7 қазан күні айыпталушылар ісі сотқа берілді. Істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандандырылған ауданаралық соты қарайтын болады.
Көзі жойылған 18 адамға қатысты қылмыстық қудалау олардың өліміне байланысты қысқартылды. Ұрланған атыс қарулары толығымен анықталды және алынды деп хабарлайды облыстық прокуратура.

Пікір қалдырыңыз