Ақпараттық топ аудан тұрғындарының денсаулығын тексеріп, кәсіп ашуға, жұмысқа тұруға көмектесті

Ақтөбе облысының әлеуметік-экономикалық проблемалар шешу үшін келген арнайы топ Алға, Шалқар, Мұғалжар аудандарына барды. Еліміздің медицина саласындағы ғылыми-зерттеу институтынан, ғылыми орталықтарда қызмет ететін 20 жетекші маманнан тұратын дәрігерлік топ балалар мен ересектерді қабылдады. Бұл акция облыстың бес ауданында өткізіледі, оған Астана мен Алматыдан алма-кезек келетін 80 маман қатыспақ.

Ғылыми орталықтар мамандары Алға аудандық ауруханасының есмханасында халыққа кеңес беру-диагностикалық қызметін көрсетеді. Әзірге 1329 алғалық қабылдауға келді, олардың 501-і балалар. Осы қаралғандардың 50-і арнайы медициналық көмек алу үшін облыс орталығындағы, Астана, Алматы қалаларындағы медициналық мекемелерге жіберілді. Бұған қоса Алға теміржолы станциясында УЗИ, ФГДС, рентген-аппаратымен, анализатормен жабдықталған «Денсаулық» медициналық пойызы жұмыс істеді. «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ дәрігерлері 1030 тұрғынды тексерді, 140 адам диспансерлік тіркеуге қойылды. Жалпы алғанда 3491 адам білікті дәрігерлерден кеңес алды.

Ал Шалқар ауданындағы «Бизнес ортаны дамыту» бағыты бойынша өткізілген шараларға 261 адам қатысып, 50 адамға көмек көрсетілген. Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге шеберлік кластары өткізіліп, мемлекеттен қаржылық көмек алу, бизнесті жүргізу тақырыптарында панельдік сессиялар ұйымдастырылды.

Мұғалжар ауданында әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған шаралар барасында 153 ауыл тұрғынына көмек көрсетілді. «Денсаулық» пойызы дәрігерлері 345 адамды қарап, 115-ін аудандық ауруханаға жіберді. Ал Алматы, Астанадан келген дәрігерлер 400-ге жуық тұрғынға денсулығына қатысты кеңестерін берді.

Топ мүшелері аз қамтылған, көп балалы 95 отбасына барып, оның 17-сіне нақты көмек берді. Мәселен, топ мүшелерінің көмегімен дене шынықтыру сабағынан беретін Б.Атамұратов қызметіне қайта қосылса, Жұрын ауылының тұрғыны С.Жиенбаева жұмысқа тұру үшін еңбекпен қамту орталығына жолдама алды.

 

Пікір қалдырыңыз