Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы ақтөбеліктерге 318 пәтер беріледі

Ақтөбеде Қазақстанның ипотекалық компаниясы желісі бойынша қазанның жетісі мен он төрті аралығында баспанаға құжаттар қабылданады. Талапкерлер құжаттарын электрондық нұсқада ғана тапсыруы тиіс.

Қазақстан иппотекалық компаниясының тұрғын үй бағдарламасы бойынша «Батыс-2» шағын ауданынан 318 пәтер беріледі. Оған тек көп балалы, толық емес отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттік, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, әскерилер мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер үміткер бола алады. Яғни, бағдарлама талабы бойынша баспана кезегінде тұрғандардың өтініштері қаралады.
— Арыз электрондық нұсқада қабылданады. Үйде интернет арқылы беруге болады. Ал үйде интернет желісі жоқ адамдар бізге келіп, кеңес алуларына болады. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық-цифрлық қолтаңда арқылы арыз беруге болады, — дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.
Пәтерлердің 1 шаршы метрі 923 мың теңгені құрайды. Талапкерлер төлем қабілеттілігін растағаннан кейін тұрғын үйге үміткерлер тізіміне қосылады. Тізімді комиссия мүшелері бекітіп, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамына жолдайды.
— Биыл мыңнан астам азамат мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болды. «Жас отбасы» бағдарламасы арқылы, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы пәтерлер берілді. Оның ішінде Қазақстанның ипотекалық компаниясының желісі бойынша өткен жылы 216 адам, биыл 300-ден астам азамат пәтер алды, — дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.
Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында тұрғын үй кезегінде 18 мың адам тіркеулі тұр.

Жанна ЕРАЛИНА.

1 пікір


  1. Неге 923 мың теңге? Сонда 1 шаршы метрі 1млн-ға жуық бағаланып отыр ма?

    Жауап беру

Пікір қалдырыңыз