Ақтөбе облысының жаңалықтары

Түркістанда той жасаған әйел мен тойхана иесі жазаланатын болды

2020-03-19 47

Төтенше жағдай кезінде той жасаған екі азаматшаға қатысты хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының қаулысымен 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында республикамызда төтенше жағдай жарияланған болатын. Осыған сәйкес Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Яғни күндіз және түнде рейд жүргізіп, төтенше жағдай кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалауда.

«Осындай кезекті рейд барысында Түркістан облысына қарасты ауылдардың біріндегі тойханада жиын өткізілгені анықталды. Аталған жайтқа байланысты полицейлер тойхана иесі мен той иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттама толтырылды. Сондай-ақ шара қабылдау үшін құжаттар қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды» делінген хабарламада.

Облыс полицейлері төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше сақтық шараларын ескерген жөн екенін ескертеді.