Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбедегі мейрамханалар мен кафелердің жұмыс уақыты шектелді

2020-03-17 71

Қала әкімі Асхат Шахаров ойын-сауық мекемелерінің басшыларына табысты емес, ақтөбеліктердің денсаулығын ойлау керектігін айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін қала әкімі мейрамханалар, кафелер, ойын-сауық орталықтарының басшыларымен кездесті. Оларға елдегі төтенше жағдайға байланысты уақытша шектеулерді түсіндірді.

«Кафе мен мейрамханалар жұмыс уақытын кешкі сағат 22.00-ге дейін шектеу керек. Сондай-ақ, 50 адамнан артық жинамау қажет. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан уақытша іс-шаралар. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Мәселен, Италияда бір күннің ішінде 300 адам коронавирустан мерт болып жатыр. Ал Қытайда вирусты таратқаны үшін өлім жазасы қарастырылған. Қатаң тәртіптің арқасында ғана дертті жеңуге болады», - деді шаһар басшысы Асхат Шахаров.

Сонымен қатар сауда орталықтарында ойын-сауық орындары, кинотеатрлар, театр, көрмелер, фитнес-орталықтары мен жаттығу залдары, түнгі клубтар мен басқа да көп адам жиналатын орындардың жұмыстарын тоқтатылады.

Талаптарды орындамаған мекеме басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады деп ескертілді.