Ақтөбе облысының жаңалықтары

Сауалнамаға қатысқан 16-19 жас аралығындағы қыздардың 17%-ы жүкті болғанын айтты - маман

2020-03-11 77

Елімізде сауалнамаға қатысқан 16-19 жас аралығындағы қыздардың 17%-ы бұрын жүкті болғандарын айтса, оның ішінде 40 пайызы жасанды түсік жасатқан. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстан Республикасында балалар мен жастар арасында жыныстық ағартуды дамыту мәселесін талқылау. Бүгінгі шындығы және келешегі» атты дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Халықтың қоныстану саласындағы қоры жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығына қатысты әлеуметтік зерттеу жұмысын жүргізген. Сауалнамаға Қазақстандағы 16-19 жас аралығындағы 4 мыңнан астам жасөспірім қатысқан. Сауалнама қорытындысы бойынша, жасөспірімдердің үштен бір бөлігі жыныстық қатынас тұрғысынан белсенді екені анықталған. Осы белсенді топтың 21%-ы кәмелеттік жасқа толмай жатып жыныстық қатынасқа түскені анықталды», - дейді БҰҰ-ның Қазақстандағы Халықтың қоныстану саласындағы қорының қоғаммен қарым-қатынас бойынша қызметкері Дина Телтаева.

Оның айтуынша, сауалнамаға қатысқан қыздардың 17 пайызы бұрын жүкті болғандарын айтқан.

«Сауалнамаға қатысқан қыздардың 17%-ы бұрын жүкті болғандарын айтса, оның ішінде 40 пайызы жасанды түсік жасатқан. 43%-ға жуық жасөспірім бірнеше адаммен жыныстық қатынаста болғанын айтқан. Жалпы алғанда, еліміздің тұрғындары жыныстық қатынасқа он алты жарым жастан бастап түсе бастайды», - дейді ол.

Сондай-ақ, маман жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын жақсарту үшін үш нәрсе қажет екенін айтты.

«Біріншіден, мектеп бағдарламасына жыныстық сауат туралы пән енгізу керек. Екіншіден, жасөспірімдерге өз денсаулығын қорғау мақсатында емханаға барып, кеңес алуға болатын медициналық қызмет түрін енгізу керек. Жыныстық тұрғыда белсенді жастарға қорғанатын заттардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Жыныстық қатынасқа түсетін бозбала мен бойжеткенде қорғана алу құқығы болуы керек. Олай етпеген жағдайда жасөспірімдерге жыныстық жолмен әртүрлі аурулар жұқтырып алу қаупі туады», - дейді ол.