Ақтөбе облысының жаңалықтары

Пушкин атындағы саябақ жеке меншікке өтпеген бе?

2020-03-11 89

Саябақтың «иесі» шу шығарып, әлеуметтік желіде әкімдікті қаралауға кірісті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Николай Выходец – «Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-нің иесі. Айтуынша, 1991 жылы саябақты өз меншігіне алып, құжаттарды заңдастырып алған.

Алайда, қалалық әкімдік бұл уәжбен келіспейді. Ресми мәлімдеге сәйкес, ол кезеңдегі заңнамада жерді жеке меншікке беру түсінігі мүлдем болмаған. Осыған орай, жергілікті атқарушы орган саябақты қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің меншігіне берген.

«16.11.1990 ж. ҚазССР Жер кодексінің 100-бабына сәйкес, қалаларда (ауылдарда) ортақ қолданыстағы жерлерге тұрғындардың мәдени-сауықтыру қажеттіліктеріне арналған жерлер жатады (саябақтар, орман бақтары, стадиондар, бульварлар, гүлзарлар, су қоймалары, жағажайлар, терренкурлар және т.б.). Сол кезеңде ҚазССР Жер кодексінде жерді жеке меншікке алу деген түсінік мүлдем болмады. Ортақ қолданыстағы жер телімдері ортақ қолданысқа зиян келтірмейтіндей етіп, шағын нысандарды (дүкендер, дүңгіршектер, жарнама орындарын және басқа да нысандарды) салуға уақытша қолдануға берілетін», - деп келтірілген әкімдіктің ресми жауабында.

Яғни саябақ жекенің қолына өту заң жүзінде мүмкін емес. Алайда Николай Выходец өз дегенінен қайтпайды.

«Пушкин атындағы саябақ – тұрғындардың демалыс орны. Мен саябақта талдар отырғыза бастадым. Башқұртстаннан көшеттер сатып алып, әр түрлі 700-ге жуық талдар отырғыздым. Менде де эскиз бар, мен де саябақты дамытқым келеді», - деді Николай Выходец.

Әкімдіктің мәліметінше, саябақтың жай-күйін талқылау үшін Выходец кездесуге мүлдем келмейді.

«Саябақтың қазіргі мүлшкіл күйі бәріне мәлім. Қазір қаланың ескі аймағында демалыс орындары мүлдем жоқ. Жастар мерекелерде орталық саябаққа барады. Қыста да, жазда да Пушкин атындағы саябаққа адамдар бармайды. Біз бұны түзеп, тұрғындарға жайлы орын жасағымыз келеді», - деді қала әкімінің орынбасары Сергей Ли.