Ақтөбе облысының жаңалықтары

10 мыңнан астам қызметкер қысқартылды – Ішкі істер министрі

2020-02-21 114

Полицейлердің саны 11 пайызға қысқартылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер органдарын реформалау – ол уақыт талабы. Осыған орай Елбасы Жол картасын әзірлеу туралы тапсырма берді. 2019 – 2021 жылдарға арналған бағдарлама өз нәтижесін бере бастады. Алғашқы кезеңде полицейлердің саны 11 пайызға қысқартылды. Профилактиканы күшейту үшін қызметкерлер мектеп, көше, қоғамдық орындарға жіберілді. Шетелден келген қонақтар үшін алты облыста туристік полиция ашылды», - деді министр ішкі істер органдарын жаңғыртуға арналған Жол картасын іске асыру бойынша Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында.

Жалпы, Жол картасы 9 басты бағытты көздейді, олардың әрқайсысы бойынша өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарылды.

«Бірінші бағыт ұйымдастырушылық-штаттық құрылымды оңтайландыруға негізделген. Осы бағыттың мақсаты – ықшам аппаратты құру. Бұл тұрғыда 100 мың тұрғынға шаққанда полицейлер санын орташа еуропалық деңгейге дейін жеткізу ескерілген. ІІМ және оның ведомстволарының функцияларына талдау жүргізілді, олардың қорытындысы бойынша 106 артық басқару буындары және 1 483 басшылық лауазымдар таратылды. ІІМ қызметкерелері саны 11 пайызға кеміді, яғни 10 592 қызметкер қысқартылды», - деді Е. Тұрғымбаев.

Осы орайда 16 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделді.

«Нәтижесінде 100 мың тұрғынға шаққандағы полицейлердің саны 471-ден 393-ке дейін азайды. Бұл орташа еуропалық деңгейге сәйкес келеді», - деді ведомство басшысы.