Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбеде тұрғызылатын Абай ескеркіші ерекше болмақ

2020-02-20 71
Көрнекі фото

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескеркішіне 50 млн теңге бөлінді, деп хабалайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда ұлы ақынның бейнесін жасауға арнайы эскиздік байқау жарияланған. Ай соңында арнайы комиссияның отырысында үздік бейне таңдап алынады. Абай даңғылының бойынан орын тебетін ескеркіштің бір ерекшелігі астында тұғыр болмайды.

«Қазір ақпан айының басынан бастап аяғына дейін үздік эскиздік жобаға байқау жариялаған болатынбыз. Үздік дегендері сол жерден таңдап алып, комиссияға алып келеміз. Көпшіліктің хаттамалық шешімімен ең үздік деп танылған эскидік жобаны Нұр-Сұлтан  қаласына мәдениет және спорт министрлігіне жіберетін боламыз. Ол жерде де арнайы комиссия отырысы қарайды. Өзгертетін жерлері мен мазмұны жағынан сын-пікірлер болса сол жерде мүсіншінің өзі қатыстырылып түсіндіріледі. Өзгертілгеннен кейін барып ескерткішті қоюға рұқсат беріледі. Бұл мүсін бұрынғыларға ұқсамайтын ерекше ескерткіштің түрі болса екен деп жатырмыз. Бұған дейін қойылып келе жатқандар барлығының астында тұғыр болды. Келіп суретке түсейін десе де ыңғайсыз. Қазіргі таңда Абай атамыздың болашақ ескеркіші қасынан өткенде рухтасып, сырласа алатындай, суретке түскенде ыңғайлы болса екен деп жатырмыз», - дейді Ақтөбе облысының мәдениет, құжаттар және архивтер басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев.

Ескерткіш тамыз айында өтетін Абай Құанбайұлының мерейтойына дейін ашылады деп жоспарлануда.