Ақтөбе облысының жаңалықтары

«Ақтөбе» футбол клубы бас бапкерсіз қалды

2020-02-17 93

Таяуда бас бапкер ретінде таныстырылған Владимир Маминов енді клубта қызмет жасамайды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін клубтың басқарма төрағасы ресейлік маманмен келісімшартқа қол қоймау туралы шешім қабылдады. Қызметінен босаған Маминов Түркиядағы команда қосынан кетті.

«Жылдың басында жаңа маусымда команданы Владимир Маминов жаттықтырады деген шешім шыққан еді. Алғашқы оқу-жаттығу жиындарынан соң команданың жағдайы қанағаттандырмады. Жолдастық кездесулер мен команданың қаралымындағы жаңа ойыншылар көңілден шықпай, жаңа маусымға деген дайындық алаңдаушылық тудырды. Бүгін командаға жаңа бас бапкер тағайындалады», - дейді «Ақтөбе» футбол клубының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, клубтың бас менеджері ретінде таныстырылған Горан Вельковичте жаңа маусымда ақ-қызылдар құрамында жұмыс жасамайды.

"Ақтөбе" ФК басқарма төрағасы Артур Смағұлов команданың шетелде өткен алғашқы ОЖЖ-ның нәтижесіне қанағаттанбағандықтан серб маманымен келісімшарт жасамау туралы шешім қабылдады.

- Маусымның ресми ашылуына бір ай уақыт қалды, ал команда әлі жасақталмай жатыр. Селекция жұмысы өте нашар жүргізілді. Қазіргі уақытта команда дамымай жатыр, ойын өрнегі де көрінбейді. Мен шұғыл әрекет жасауға мәжбүр болдым, - деді Артур Смағұлов.