Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбелік белсенді 150-ден аса көшетті бөлмесінде өсіріп жатыр

2020-02-17 72

Жақында ғана экоқозғалыс бойынша Ақтөбе облысының амбассадоры атанған Евгениий Лазарчук ағаш көшеттерін үйінде баптауда, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қаладағы заңсыз кесілген ағаштар мен құрғаған су арналарының мәселесін көтерген Евгений былтыр белсенділер болып «Актобе, дыши» қозғалысын құрады. Еріктілер жаз бойы тал отырғызып, бұлақтардың көзін ашты. Халықты табиғатты қорғауға шақырды. Жасыл желектің жанашыры болған ол ағашты үйде отырғызуды қолға алған. Қазіргі таңда қолдан жасалған үй плантациясында 124 үлкен және 150 кішкентай көшеттер өсіп жатыр.

«Бұл менің ағаш отырғызу бойынша алғашқы тәжірибем. Басқаларға үлгі болу үшін күтіп-баптау жолдарын әлеуметтік желіде ылғи бөлісіп отырамын. Қала тұрғындарына үйде еккен қолайлы, әрі көшеттерді сатып алуға көп ақша кетпейтінін айтқым келеді. Әрбір адам осылай жасаса қаланың ауасы тазарады. Ең бірінші тез өсетін көшеттерді таңдап алдық. Олардың арасында грек жаңғағы, каштан, арша және шырша ағаштары бар. Тұқымдарды Жапония, Ресей елдерінен және еліміздің әр облысынан алдырдық. Құнарлы топырақтарды бұлақтардан алып келдім. Көшеттерді арнайы жарық беретін шамдармен жабдықтадым. Көктемге дейін өсіріп, одан кейін өз қаламызға егетін боламыз», - дейді ол.