Ақтөбе облысының жаңалықтары

Қазақстанда тұтынушылардың шағымын қабылдайтын ақпараттық жүйе құрылуы мүмкін

2020-02-06 110

Елімізде «бір терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау саласында шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі (БАЖ) құрылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауда және интеграция министрлігі жаңа заң жобасында қарастырылған тың тетіктер арқылы тұтынушылардың құқығын қорғамақ.

«Мұндай жүйені құру тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша барлық шараларды бір орталыққа шоғырландыруға, шағымды дайындау және оны құзырлы органдарға жолдау рәсімдерін жеңілдетуге және арзандатуға, сондай-ақ, барлық өтініштер мен оларды қарау нәтижелерін цифрландыруға мүмкіндік береді», - деді заң жобасын Мәжілісте қорғаған Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Вице-министрдің айтуынша, тұтынушылардың ыңғайлылығы үшін БАЖ-да даудың мәніне және қызмет көрсету саласына байланысты шағымдардың бірқатар үлгілік нысандары, сондай-ақ «қорғаушылардың» тізбесі мен байланыстары орналастырылады.

«Жаңа цифрлық жағдайда заң жобасында ұсынылған шағымдарды беру және қарау процесін автоматтандыру «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша дауды тез шешудің ауқымды онлайн платформасына кезең-кезеңімен өзгертіледі. Ал келіп түскен ақпаратты жинау мен өңдеу тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін сарқылмайтын дереккөз болады», - деді ол.