Ақтөбе облысының жаңалықтары

Облыс аумағында сексеннен астам адам қар құрсауынан құтқарылды

2020-02-05 87

Кеше Ақтөбе облысында боран тұрып, көктайғаққа ұласқан болатын. Ауа райының қолайсыздығынан жол бойында қалып қойған сексеннен астам жолаушы құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз жерлерге жеткізілді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Құтқарушылардың жедел әрекет етуінің арқасында бір тәулікте барлығы сексеннен астам адам жылыту пункттеріне эвакуацияланып, отыз бір автокөлік қардан шығарылды. Аталған авариялық-құтқару жұмыстарына жалпы жүз алпыс маман және сексен жеті бірлік техника жұмылдырылған.

«Түнгі сағат 03.15-те құтқарушылардың көмегімен қар құрсауынан жиырма жеті автокөлік шығарылып, жетпіс үш адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Сонымен қатар, рейстік автобустың он жолаушысы Мәртөк ауданындағы №2 орта мектебінің уақытша орналастыру пунктіне жеткізілді. Шымкент қаласына бара жатып ақтүтек боранда, қар құрсауында қалған микроавтобус шығарылып, сегіз Қырғызстан азаматы Хромтау қаласындағы кемпингке орналастырылды. Тағы қар құрсауынан бес жолаушы құтқарылып, тұрғылықты жері бойынша Темір ауданы Шұбарқұдық кентіне жеткізілді», - дейді Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметі.