Ақтөбе облысының жаңалықтары

Әкімнің қабылдауына барған кейуана 40 жастағы қызына бала сұрады

2020-02-05 146

Қоғамдық қабылдауға келген 100 адамның барлық дерлігі баспана мәселесін көтерді. Ал 40 жастағы қызына бала сұраған кейуана әкімді таңғалдырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Кеше, 4 ақпан күні  Т.Ахтанов атындағы драма театрында қоғамдық қабылдау өтті. Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин де, бөлім басшылары да тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Келген ақтөбеліктердің 90 пайызы тұрғын үй мәселесін көтерді. Дегенмен, бала асырап алуда көмек көрсетуді сұраған тұрғын да болды.  70 жастағы Несібелі Өмірбаева 40 жастағы қызына бала сұрап келді.

«Үйім де бар, зейнетақым да бар. 40 жастағы қызым бар. Ол дәрігер болып жұмыс істейді. Өзі жалғыз, күйеуге шықпаған. Біздің отбасыға бала керек. Қай жерге барсақ та, бала асырап алуда ешкім көмектеспеді», - дейді кейуана.

Шаһар басшысы Мавр Абдуллин тұрғынның өтінішін тыңдап, білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовке аталған мәселені заң аясында шешіп беруді тапсырды.