Ақтөбе облысының жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы штаб «Біз біргеміз» акциясын қолдады

2020-02-04 82

1 ақпан күні Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабы Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі студенттерінің қатысуымен «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастырды.

Шара ұйымдастырушысы, облыстық ақпараттық-ағартушылық штаб төрайымы Жеңісгүл Мұхамбетпаизованың айтуы бойынша бұндай шаралардың парасатты ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі өте зор.

«Жалпы, Департамент жанындағы ақпараттық-ағартушылық штаб - қоғам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі күні Агенттік парасаттылық идеологиясын дәріптеуде. Ал парасаттылық дегеніміздің өзі - адам бойындағы ең ұлы қасиеттердің жиынтығы. Осыған байланысты, бүгінгі күні Штабымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық шараларды өткізуден басқа, адамгершілік пен мейірміділік қағидаларын насихаттауды да жөн деп есептейміз» - дейді, Жеңісгүл Мұхамбетпаизова.

 

Колледж студенттері қар күреуге арналған құрал-саймандарын асынып, жылы күртешелеріне оранып, мұқтаж үш отбасының екі ай бойы қалың қардың құрсауында қалған аулаларын қардан тазалауға белсене атсалысты.

Шараға қатысқан 4-ші курс студенті Қаңтай Тиыштықов: «Аталған акция жайында естіген бойда, достарымызбен бірден ұйымдаса қойдық. Қайырымдылық жасаған жақсы ғой, мұқтаж жандардың күлімдеген жүзі жүрегіңе бір жылылық ұялатады» - дейді.

 

Жалпы өткен жылдың қараша айынан бастап облысымызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб өз жұмысын бастаған болатын. Аталған штабтың мүшелігіне бүгінгі күні мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларында еңбек сіңірген беделді тұлғалар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының майталмандары енген. Қазіргі уақытта тұрғындармен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді.