Ақтөбе облысының жаңалықтары

Жылыту маусымы басталғалы 196 өрт оқиғасы тіркелді

2020-01-31 111

Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға төмен, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жылыту кезеңі басталғалы Ақтөбе облысының аумағында 196 өрт оқиғасы тіркелді. Алдын-алу жұмыстары жүргізіліп жатырғанына қарамастан өрт кезінде жеті адамның қаза болу жағдайлары да бар. Сонымен қатар, өрттің шығуынсыз-ақ улы газбен улану фактілері де кездескен.

«Маусым басталғалы улы газбен уланып қалған үш жағдай тіркелді. Біріншісі Ақтөбе қаласындағы «Автомобилист» саяжайында болды. Зардап шеккен үш адамның екеуі бала. Екінші оқиға Қандыағаш қаласында орын алған. Уланған жеті адамның екеуі балалар. Табиғи газдың әсерінен уланған соңғы факт Темір ауданы  Кеңқияқ кентінде тіркелген. Орын алған жағдайлардың негізгі себептері пештің бойында саңылаулар мен жарықтардың болуы, түтін шығатын металл құбырдың ұзындығының жеткіліксіз болуы, форсунканың ісініп кетуі», - дейді Ақтөбе қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Айбат Жаңабергенов.

Мамандар оқыс оқиғаның алды алу үшін пештердің саңылауларын бекітіп, мұржаның шатырдан бір метр жоғары болуын ескертеді. Айына екі рет мұржаларды тазартып тұруды да кеңес етеді.