Ақтөбе облысының жаңалықтары

Қала әкімі қар тазартатын мердігерлердің жұмысын сынға алды

2020-01-30 124

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин 13 елдімекенге барып, қар тазарту жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. 

Шаһар басшысы мінген аткөлік Заречный-3, Заречный-4, Украинка, Шилісай, Нокин ауылы, Ақшат, Ақжар-2, Сазды, Бауырластар, Бауырластар-1, Бауырластар-2, Құршысай, Жаңақоныс-2 елдімекендеріне барды. Қар аршу жұмыстарына жауапты мердігер компаниялардың басшыларымен кездесіп, мән-жайды көзбен көрді. 

Ақшат ауылының және Шилісайдың ішінде жалғызаяқ жолдың өзі толық тазартылмағаны көрініп тұрды. Қала әкімі «Бошан ТрансАвто» ЖШС және «Ерхат жолдары» ЖШС ұйымдарының басшыларын қатаң сынады. 

«Бүгін түнде және ертең күні бойы барлық техника проблемалық аумақтарға жұмылдырылсын. Елдімекен жолдарын көлік жүруге қолайлы болуы үшін кеңейтіп аршу керек», — деп талапты күшейтті.