Ақтөбе облысының жаңалықтары

Жапонияда Уханнан келген үш азамат вирус жұқтырған

2020-01-30 147

Жапония денсаулық сақтау министрлігі Үкімет ұйымдастырған рейспен Уханнан оралған үш Жапония азаматының анализдерінен жаңа коронавирус табылғанын мәлім етті. Бұл туралы Kyodo ұлттық ақпарат агенттігі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

Сәрсенбі күні Ухан қаласынан Токиоға 206 адам келген. Бейсенбі күні Үкімет жалға алған рейспен тағы 210 жапондық үйлеріне жеткізілді.

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олардың кейбірі жөтелген. Бірінші топта екі адамнан басқасының барлығы вирус анықтайтын тест жасауға келісім берген.

Үкімет Уханнан үйлеріне қайтқысы келетін тағы 200 Жапония азаматы үшін үшінші рейс жіберуді ұйымдастырып жатыр. Жапония билігі ҚХР-дан келгендерді оқшаулап, уақытша баспана ретінде қоғамдық ғимараттарға орналастыруды көздеп отыр. Мемлекет адамнан адамға жұғатын вирустың алдын алу үшін жоғары дайындықта отыр.

Осы аптада Жапонияда туристік автобус жүргізушісі мен гид Қытайға бармай-ақ вирус жұқтырған. Бұл күншығыс еліндегі вирустың алғашқы таралу жағдайы.

Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ҚХР-да коронавирустың өршуіне байланысты шұғыл жиын өткізбек. Бұл туралы ДДСҰ мәлімдемесінде айтылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сәйкес, сәрсенбі күнгі дерек бойынша Қытай мен Жапониядан бөлек тағы 14 елде, соның ішінде Тайланд, Аустралия, Сингапур және АҚШ-та вирус жұқтырғандар анықталған.