Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбеде Едіге батырдың ескерткіші бой көтерді

2020-01-29 141

Тарихи тұлғаға арналған ескеркішті Қобда ауданы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына тарту етті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ел аузында «Ер Едіге» аталып кеткен батырдың тарихи бейнесі «Табыс» базарының қасына тұрғызылды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өткен ескерткіштің ашылуына тарихшылар, қоғам белсенділері, едігетанушылар, ардагерлер қатысты.

Жерден санағанда биіктігі тоғыз метр болатын ескерткіш қоладан құйылған. Жоба авторы танымал мүсіншілер Жеңіс Жұбанғосов пен Тоқтар Ермеков. Едіге батырдың ескерткішін Қобда ауданы Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына тарту етті.

Танымал едігетанушы, профессор Жұбаназар Асанов заманында батыр елдің сүйіктісі болғанын айтады. «Едіге батыр» эпосының алпыстан аса нұсқасы бар екен.

«Бұл ескерткіш Алтын Орданың 750 жылдығы аясында да орнатылып жатыр. Қойылатын реті бар. Едіге Алтын Орданы он жеті жыл бойы ең қиын уақытта басқарған. Аласапыран кезеңде билікке келді. Алтын Орданы қалпына келтіру үшін күресті. Елдің әл-ауқатын арттырды, экономикалық жағдайын жақсартты. Былтыр ғалымдарымен бірге есептеп қарасақ Едіге эпосының алпыстан астам нұсқасы бар екен. Бұл енді әдебиеттану ғылымы бойынша эпостың нұсқасының көп таралуы халықтың сүйіктісі болуында. Екі рет елді құрып кетуден сақтады. Әміт Темір мен атақты Литваның князіне қарсы тұрды. Түркі халқын апаттан аман сақтап қалды», - дейді ол.

Едіге батырдың атына арнайы ас беріліп, ғылыми конференция ұйымдастырылды.