Ақтөбе облысының жаңалықтары

Президенттік жастар кадр резервіне өткен мамандар лауазымды қызметтерге тағайындалды

2020-01-29 158

Жақында Президенттік жастар кадр резервіне өткен мамандар жаңа қызметтерге бекітілді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгінгі облыс әкімдігіндегі аппарат жиналысында жоғарғы қызметтерге тағайындалған басшылар таныстырылды.  

Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы лауазымына ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен, Президенттік жастар кадр резервіне өткен Қайрат Райымқұлов тағайындалды.

Қайрат Райымқұлов 1988 жылы туған. Жоғары білімді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Қазақ Гуманитарлық Заң Университеттерінің түлегі. Еңбек жолын 2010 жылы Ақтөбе облысының қаржы басқармасында жетекші маман болып бастаған.  Әр түрлі жылдар Ақтөбе қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы,  Ақтөбе облысының қаржы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.

 

Сонымен қатар, Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының  бұйрығымен ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен  Президенттік жастар кадр резерві қатарына алынған Адайбек Есенаманов  Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол 1990 жылы туған. Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе мемлекеттік  университетін бітірген. Еңбек жолын 2012 жылы Ақтөбе облысының  қаржы басқармасының нақты секторды қаржыландыру бөлімінің  бас  маманы болып бастаған.   Ақтөбе облысының қаржы басқармасының  бөлімдерінде  басшылық қызмет атқарды. Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының инвестициялық жоспарлау бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келді.  

 

Президенттік жастар кадр резервіне өткен Әлібек Айдарбеков Ақтөбе облысының қаржы басқармасы басшысының бұйрығымен,  ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен    Ақтөбе облысының қаржы басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.   31 жастағы Әлібек Айдарбеков жоғары білімді,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры және магистрі» мамандықтары бойынша бітірген. 2015 жылы Ақтөбе облысының қаржы басқармасының бюджеттің орындалуын үйлестіру және  талдау бөлімінің  бас маманы болып бастаған. Әр түрлі жылдар бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуын талдау, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының  жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік кірісті жоспарлау бөлімдерінің  басшысы лауазымдарын  атқарып келді.