Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбелік жас палуан облыстық чемпионатта рекорд орнатты

2020-01-27 96

Барлық қарсыластарынан басым түскен он бес жасар палуан Есет Серік 55 ұпаймен сенсация жасады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

2003-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен облыстық чемпионатта Есет Серік үздік палуан атанды. Жарысқа 45 кг бойынша қатысқан ол бес қарсыласын 11:0 және 12:0 есептерімен жеңген. Биылғы біріншілікте жаңа рекорд қойып, 55 ұпаймен сенсация жасады. Кілемде сауатты қимылдаған Есет қарсыластарына бірде-бір ұпай бермеген. Жарыс төрешелері бұндай жағдай облыста алғаш рет болып жатқандығын айтты.

"Шәкіртімнің жетістігінен қуанып отырмын. Есеттің бойындағы қайсарлығы мен еңбекқорлығы, оны осындай дәрежеге жеткізді. Сегіз жылдан бері қол астымда дайындалып келе жатыр. Жаттығуды жібермей, өзін үздіксіз дамытып отырады. Шәкіртімнің болашағы бар, мықты спортшы болатынына сенемін", - дейді Есеттің жаттықтырушысы Есбергенов Мейрамбек.

Есет Серік енді наурыздың 16-19 аралығында Павлодарда өтетін Қазақстан біріншілігінде Ақтөбе атынан өнер көрсетеді.