Ақтөбе облысының жаңалықтары

Әкімдер әлеуметтік желіде белсенді ме?

2020-01-16 267

«Әлеуметтік желіге тіркеліп, халыққа жақын болыңыздар». Осылай деген Президенттің пәрменін әкімдер қалай орындап жатыр?  Aktobenews.kz ақтөбелік әкімдердің ресми парақшасына шолу жасайды.

Президент айтты, бітті. Біздің облыста да қала, аудан, ауыл әкімдері жаппай парақша ашты. Алғашында оқырман жинап жарысқан әкімдердің желідегі бүгінгі белсенділігі қалай? Әлеуметтік желі әлеуметтік мәселені шеше алды ма? Желіде жұлдызға айналған шенеуніктер кімдер?

 

Мавр Абдуллин - Ақтөбе қаласының әкімі. 18 қаңтарда 47 жасқа толады, көпбалалы әке. Facebook желісінде 1095 досы бар. Instagram парақшасына @mavr.abdullin 5205  адам жазылған. Қала әкімінің парақшасы көбіне бардым, көрдім, кездестім деген жазбаларға толы. Қала тұрғындары әкімге қоқыс, қоғамдық көлік, көшені қардан тазалау мәселелерін жиі көтереді. Көпбалалы әке желіге қыздарымен түскен суретін де жүктеген.

Жолдас Қалмағамбетов - Темір ауданының әкімі.  41 жаста. Облыста желіде белсенді, парақшаларын қызықты етіп жүргізуде көш бастап тұрған әкімдердің бірі. Facebook-та 5 мың оқырманы бар. Әкімнің ұялы телефонының нөмірін де парақшасынан табуға болады. Instagram парақшасына @zholdas_nurlanul 4834 адам жазылған.

Әкім ресми кездесулерді ғана емес, тұрғындарды қабылдаулардан алған әсерлерін де бөліседі. Адамгершілік-рухани тәрбиені іске асырудағы ойларын мысалдармен ұтымды жеткізіп отырады.  Шенеунік желіге отбасы туралы мәліметтерді де ашық жүктейді.

Ермек Кенжеханұлы - Мәртөк ауданының әкімі. 31 жаста. Облыстағы ең жас әкімдердің бірі. Facebook-та 152 оқырманы бар. Әлеуметтік  желіні белсенді қолданбайды. Президенттік жастар кадрлық резервіне іліккен облыстағы санаулы мемлекеттік қызметкерлердің бірі. Болашақ бағдарламасының түлегі.

Асқар Жүсібалиев - Қарғалы ауданының әкімі. 56 жаста. Әкім желіде эмоциясымен бөліспесе де аудандағы жаңалықтарды, берілген тапсырмаларын тұрақты жүктеп тұрады.  Ұялы телефонының нөмірін ашық көрсеткен. Facebook-та 4998 адам жазылса, Instagram парақшасында @askarzhusibaliev 1250 адам бар.

Шенеунік қоғамдағы жайлардан да бей-жай қалған емес. Алматы әуежайының маңында тіркелген жағдайды ескерусіз қалдырмай, ел қайғысына ортақтасып, жазба қалдырды. Telegram жаңалықтарын оқып отырады.

Бауыржан Қаниев - Шалқар ауданының әкімі. 26 қаңтарда 62 жасқа толады. Облыс әкімдерінің ақсақалы. Facebook-та 2312 адам жазылған. Instagram парақшасын таппадық.  Желіге кездесулерін тұрақты жүктеп тұрады. Оқырмандары да белсенді. Әкімге тілектері мен ауылдың жағдайын жазып отырады. Ол Алматы әуежайы маңында қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, жазба қалдырды.

Шенеунік Ұлттық Қауіпсіздік комитеті атынан арнайы алған төсбелгі мен ІІМ-нің алғыс хатын алғаны туралы қуанышын желіде оқырмандарымен бөліскен.

 

Нағымжан Алдияров - Хромтау ауданының әкімі. 44 жаста, Бес балаың әкесі. Facebook-та 921 досы бар. Әкім үнемі аудандағы қоғам белсенділерінің ыстық ықыласына бөленіп отырады. Қарапайымдылығымен аудан халқының жоғары бағасын алып жүр. Instagram-ға @nagymzhanaldiia тіркелгенімен, парақшасы бос тұр. Десе де 236 адам әкімнің бос парақшасына тіркеліп алған.

 

Асқар Қазыбаев - Ойыл ауданының әкімі. 57 жаста. Facebook-та шенеунікпен 3114 адам достасқан. Instagram-дағы @asqar_kazybaev 1324 оқырманы бар. Әкімдіктегі лездемелер мен ресми жиындарды тұрақты салып отырады. Шенеунік желіні белсенді қолданады.

Аққанат Шахин - Ырғыз ауданының әкімі. 58 жаста.  Instagram парақшасына @akkanatshakhin 502 адам тіркелген. Facebook-та 333 досы бар. Telegram-да жоқ.  Әкімнің оқырмандарының дені мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ өкілдері. Тек ресми кездесулер мен мерекелерде құттықтау жолдайды.

Асқар Шериязданов - Мұғалжар ауданының әкімі. 51 жаста.  Facebook-та 2682 досы бар. Әкім желіге ұялы телефонын да көрсеткен. Парақшасындағы материалдардың дені әкімді тегтеп кеткен жазбалар. Telegram - да бар, Instagram-нан таппадық.

 

Қайрат Отаров - Байғанин ауданының әкімі. 18 қаңтарда 52 жасқа толады. Instagram-да 537 адам тіркелген. Facebook-та 1408 досы бар. Желіде әкімнің аты мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде терсеңіз шығады. Парақшасы  тек әкімді тегтеп кеткен материалдарға толы.

 

Мәди Елеусіз - Әйтеке би ауданының әкімі. 43 жаста. Facebook-та 4943 адам жазылса, Instagram-да @madi.eleusizov 1034 адам достасқан. Желіде белсенді емес. Instagram парақшасына соңғы рет өткен жылдың мамырында ардагерлерді құттықтауын салған. 2020 жылдан бастап желіге ештеңе салған жоқ.

Мамырғали Аққағазов - Алға ауданының әкімі. 17 қаңтарда 56 жасқа толады.  Әлеуметтік желіге тек тіркеліп қоюмен шектелген әкімдердің бірі. Instagram-дағы @mamyrgaliakkagaz оқырманы 211. Осы уақытқа дейін тек үш публикация ғана шығарған. Парақшасы жабық. Әкімді желіде көру үшін тіркелу керексің. Facebook желісінде 1883 досы бар. Бұл жерден де әкімнің жазбасын таппайсыз. Тек баспасөз қызметкерлерінің әкімді белгілеп кеткен жаңалықтарына толы.

Әкімдердің халықпен жылына бір рет жасайтын кездесуінен желіде күніге жүздесу әрине тиімді. Бірақ көбінде бардым, көрдім, кездестім деген мәтіндермен парақшасына анда-санда ғана жазба қалдыратын шенеуніктердің дені желіні тиісінше пайдалана алмай отыр.

Ақпараттар ашық желі көздерінен алынды.