Ақтөбе облысының жаңалықтары

Сүйіктісіне қол жұмсаған жігіт соңғы сөзін айтты

2020-01-15 58

23 жастағы жігіт соттағы соңғы сөзінде өзінің анасы мен ғашығының ата-анасынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қайғылы оқиғаға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін сотталушы соңғы сөзін айтып, судьядан әділ үкім шығаруды сұрады.

«Мен алдымен Әсемнің ата-анасынан кешірім сұраймын. Мен олардың үміт артып отырған жалғыз қыздарының өліміне себепкер болдым. Өз кінәмді мойындаймын. Менде оған жамандық жасаймын деген ой болмағанын айтып кеткім келеді. Сонымен қатар, өзімнің ата-анам мен туыстарымнан, достарымнан кешірім өтінемін. Соттан заңды және әділ шешім қабылдауды сұраймын»,-деді Бақыт Орынбасаров.

Сотталушы өткен жылы тамызда кісі қолынан қаза тапқан  22 жастағы Әсем Эльбрусованың өліміне айыпты деп танылды. Отбасы құрайын деп жүрген жастардың арасындағы түсініспестік орны толмас қайғыға әкелді.

Мемлекеттік айыпталушы, Орынбасаровты оқиғаға кінәлі деп танып, 11 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Кеңесуге кеткен сот үкімі ертең шығады.