Ақтөбе облысының жаңалықтары

Қазақстанға мемлекеттік басқарудың жаңа моделі керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

2020-01-15 62

Қазақстанға мемлекеттік басқарудың жаңа моделі керек. Бұл туралы Ақордада Президенттің кадр резервіне енген жастармен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Норвегия, Жаңа Зеландия, АҚШ мемлекеттік аппарат қызметіне ақылға қонымды икемділік және ептілік принциптерін енгізу преспективасын белсене зерделеп жатыр. Көптеген елдер Ұлыбритания үлгісінде Үкімет жанынан жобалық кеңселелер құру арқылы проджект-менеждментке көшуде. Бізде де соған күш салынып жатыр. Олардың тиімділігін тыңғылықты зерделеу қажет. Бірақ, біз мұндай тәжірибені қолдаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтінше, мұндай жаңашылдықтардың жалпы мақсаты адамдарға жақын болу.

«Дұрысында сөз мемлекеттік қызметтің сервистік моделі жайында болып отыр. Қазақстанға да қоғамның сұранысына бара-бар, тиімді әрі әділ мемлекеттік басқарудың жаңа моделі керек. Бұл ретте ол ең заманауи технологияларды пайдалануға негізделуі тиіс. Осының барлығын ескере келе біз мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға кірістік», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқартылатындығын ескертті.

«Босаған қаражат барынша пайдалы қызметкерлерді материалдық ынталандыруға жұмсалатын болады. Жолдауымда айтылғандай, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің санын ұлттық компаниялардың қызметкерлерімен қоса алғанда 25 пайызға қысқарту жоспарланған», - деді ҚР Президенті.

Қ.Тоқаев қысқарту мемлекеттік органдардың қызметіне тән емес салаларды аутсорсингке не азаматтық қоғамға беру арқылы жүзеге асырылатындығын айтты.