Ақтөбе облысының жаңалықтары

Мұғалімнен құрт ауруы анықталды

2020-01-13 100

Ауыл мектебінің мұғалімдерінен бастап, оқушыларына дейін жаппай дәрігерлік тексерістен өтіп жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты ауыл мектептерінің бірінде жұмыс жасайтын мұғалімінен құрт ауруы анықталды. Қазір білім ордасында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, науқаспен қатынаста болғандардың денсаулығы тексеріліп жатыр.  

«Бір мұғалімнен құрт ауруының анықталғаны рас. Оны 25 желтоқсан күні білдік. Ауру анықталғаннан кейін мектепте залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Алаңдайтын ештеңе жоқ»,- дейді шағын жинақталған мектеп директоры Рүстем Қожаназаров.

Қазір 400-ден аса тұрғыны бар ауыл мектебінде 98 оқушы, 28 мұғалім, 10 кіші қызметкер бар. Ауылда тіркелген жағдайға байланысты комиссия құрылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

«Халықпен, педагогика қызметкерлерімен кездесу, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осыған дейін тіркелген жағдайға байланысты мектеп ұжымы  қауіпті топ саналып, жылына екі рет медициналық тексеруден өткізіліп отырды. Қадағалауда болды. Кешегі жағдайдан соң да залалсыздандыру жұмысы жүрді»,-дейді Бестамақ ауылдық округінің әкімі Қанат Дәулеталин.

Мамандар дерттің тарау қаупі жоқ деп сендіреді.