Ақтөбе облысының жаңалықтары

Оңтүстік Кореяда көлігімен баланы қаққан қазақстандыққа сот үкімі шықты

2020-01-10 107

Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. ҚазАқпарат бұл туралы «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін Оңтүстік Кореяда жеті жасар баланы қағып кеткен қазақстандыққа осындай үкім шығарылды. Баланың ата-анасы сотталушыны кешірмеді. Олардың айтуынша, баланы емдеуге алпыс миллионнан астам вон жұмсалған. Ол елу мың доллардан асады. Сонымен қатар баланың әкесі мен анасы ұлына қарау үшін жұмыстарынан шығуға мәжбүр болған.

Қазақстандықтың адвокаты Чой Хак Се үкіммен келіспейді. Оның айтуынша, бала жолды рұқсат етілмеген жерден жүгіріп өтпек болғаны сотта дәлелденді. Онымен қоса, айыпталушы баланы қаққаннан кейін, көлігін тоқтатып, оған көмек көрсетіліп жатқанына көз жеткізіп барып жолын жалғастырған.

Сондай-ақ Чой Хак Се айыпталушы Қазақстанның құқыққорғау органдарына өз еркімен берілгенін атап өтті.

«Сот шешімі бала басын қатты жарақаттап алғанымен негізделіп отыр. Зардап шеккен тараппен келісімге келуге талпынып көру үшін апелляцияға береміз. Баланың денсаулығы жақсарып жатса, ата-аналары шешімдерін өзгертіп қалар. Өз қорғауымдағы азаматтың тарапы зардап шегушіге ем-дом үшін ақша бере алмайды. Себебі бұл өте үлкен сома, тіпті, Корея үшін де», - деді Чой Хак Се.