Ақтөбе облысының жаңалықтары

Құдағайдың миллионын алдап алған

2020-01-06 186

Ақтөбеде салымшыларын алдап кеткен West house кооперативінің директоры сот залына келді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында басталған іске баспана аламыз деп далада қалған отыздан аса салымшы келді. Олар соттан алдап кеткен директорды қамауға алып, ақшаларын өндіріп беруді талап етуде.

"Қазір үйіміздің берекесі кетті. Екі бөлмелі үй аламыз деген үмітпен банктегі 2 миллион 320 мың теңге ақшаны салдық. Ол әкемнің тоғыз жыл бойы жинаған ақшасы. Қазір қалада пәтер жалдап жүрміз. Сот алаяқтардан ақшамызды өндіріп берсе екен,"-дейді жәбірленуші Айдана Суханбердиева.

Кооператив директорына алданғандардың дені құда-құдағайлар мен жақын таныстар болып шықты.

"Айыпталушы біздің туысқанымыз болып келеді. Енемнің туған апасының қызы. Олар біздің үйсіз жүргенімізді білді. Баспана алып береміз деп ауырып жатқан анамның барлық ақшасын алды. Олардың құжаттарын заңды түрде тексертіп, 1 миллион 700 мың теңгені бердік. Енді үйде жоқ, ақша да жоқ.  Сотталып, ақшамызды қайтарса екен",-дейді жәбірленуші Гүлден Ишанова.

Отыздан аса жәбірленушілердің бәрі де осылай алданған.

Қазір сотта жәбірленушілердің жеке басы анықталып жатыр.