Ақтөбе облысының жаңалықтары

«Болашақтың» түлегі Оразалиннің кеңесші атанды

2019-12-04 591

«Kazah Invest» ҰК» АҚ-ның өңірлік директоры Нұрхан Тлеумұратов облыс әкімінің иннвестициялар жөніндегі кеңесшісі болды, деп хабарлайды Aktobenews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин аппарат жиынында жаңа кадрлық өзгерістерді жариялады.

«Kazah Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның өңірлік директоры Нұрхан Тлеумұратов  Ақтөбе облысы әкімінің иннвестициялар жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі деп таныстырылды.

Ол 2013-2015 жылдары халықаралық бизнес университетінде «Экономика және бизнес» бакалавры, «Экономика ғылымдарының магистрі» мамандықтары бойынша білім алған. 2017 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Уорик (University of Warwick) Университетінде «Инновация және кәсіпкерлік» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын 2013-2019 жылдар аралығында «Ақтөбе облысының Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында» іс-жүргізу инспекторы,  бас маман, аймақтық дамуды жоспарлау бөлімінің басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Сонымен қатар, облыс әкімі аппаратқа Ақтөбе облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы атанған Жұмамұрат Алдашевты таныстырды. Шенеунік лауазымды қызметке Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының бұйрығымен тағайындалған.

Ж.Алдашев 1986 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын «дәрігер» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «экономика» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1978 жылы «Алға» құс кеңшарының слесарі болып бастаған. Медицина ғылымдарының кандидаты. 1998-2001 жылдары Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерінде еңбек еткен. 2002-2019 жылдары аралығында Ақтөбе облысы әкімі аппаратында бірқатар лауазымдарды атқарып келді.  

Жиын барысында аймақ басшысы көптеген жылдар бойы Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін абыройлы атқарған Абай Серікбайұлы Байжомартовты құрметті зейнеткерлік демалысқа шығуымен құттықтап, естелік сыйлық табыстап, алғыс хатпен марапаттады.