Ақтөбе облысының жаңалықтары

Жүкті келіншекке пышақ тыққан ер адамға үкім шықты

2019-12-03 32

Бірнеше әйелді өлтіруге оқталған 28 жастағы ер адам Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша жауапқа тартылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Оқиға 19 тамызда тіркелген. Сотталушы таңғы сағат 6:00 шамасында Ғазиза Жұбанов көшесінде тұратын таныс қызының үйіне барады. Үйге терезеден кірген. Бөлмеде тұрған сөмкеден 14 500 теңге болатын ақшаны қалтасына салып алады. Сол жерде оянып кеткен екі әйел адамның ішіне пышақ жарақатын салып, үйден қашып кеткен.  

Іс материалдарында, сотталушының әрі қарай Құршасай ауылына барғаны айтылады. Ол жақта бұрынғы көршісін көріп, үйіне кіреді. Айы-күні жақындап, босанғалы отырған келіншек ақша сұраған танысын үйінен шығара алмайды. Ашуланған сотталушы жүкті келіншектің арқасына пышақ тығып, әрі қарай қашқан. Осындай шабуыл төрт адамға жасалған. Жәбірленушілердің барлығы да аман.

Төрт адамға пышақпен шабуыл жасаған ер адамды полиция бір жарым айдан кейін ғана қолға түсірген болатын. 28 жастағы ер адам ауыл маңындағы құрылыс жүріп жатқан үйде жасырынған.

ҚР ҚК-нің  бес бабы бойынша айыпталған сотталушының кінәсі дәлелденіп, 14 жылға бас бостандығынан айрылды. Жазасын  барынша жоғары мекемеде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.