Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтау әкімі пандусы жоқ нысандар туралы хабарлауды сұрады

2019-11-28 38

Бүгінде Ақтауда ғимараттардың денінде пандустар жоқ немесе олар талапқа сай емес. Аталған мәселені шешу үшін қала әкімдігі әлеуметтік желіде «aktaupandus» жаңа парақшасын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Ғалымжан Ниязов Facebook-тегі жазғандай, «аktaupandus» парақшасында аталмыш мәселе бойынша атқарылған жұмыстар, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері жарияланатын болады.

«Сіздерді әлеуметтік маңызы зор осы шараға бір кісідей атсалысуға шақырамын. Себебі, ғимараттардың көпшілігінде пандустар жоқ (немесе талапқа сай емес). Дегенмен, жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қаладағы ескі автожолдарда жаяу жүргіншілерге арналған 52 өткелде бордюралар төмен түсірілді. 1 269 нысан паспортталып, оның 220-сы мүгедектерге бейімделген (білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, коммерциялық нысандар, мемлекеттік мекемелер бар)», - деді қала басшысы.

Сондай-ақ Ғ.Ниязовтың мәліметінше, қала әкімдігіне қарасты Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы көру мүмкіндігі шектеулі және арбамен жүретін 1 408 адамға инватакси қызметін көрсетті. Бұл үшін орталықта «Минивэн» маркалы 2 көлік және арнайы жабдықталған 1 Газель бар.

Көлік жолдарына 33 жол белгісі қойылды, 21 бағдаршамға дыбыстық құрылғылар орнатылды. Қаладағы 48 жол қиылысының 12-сі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып бейімделді. Сонымен қатар, 2018 жылы бюджет есебінен 24 білім беру нысаны ерекше қажеттілігі бар балалар үшін ыңғайлы бола түскен.

«Бүгінде аталған мәселені жан-жақты орындау үшін, қала әкімдігі Instagram әлеуметтік желісінде «aktaupandus» жаңа парақшасын ашты. Онда, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері қаралатын болады», - деді шаһар әкімі.