Ақтөбе облысының жаңалықтары

Облыстық газет тілшісі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды

2019-11-27 177

«Ақтөбе» газетінің тілшісі Айбек Тасқалиев «Журналистика» номинациясы бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері болды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Елімізде ғылым саласында, шығармашылықта, қоғамдық қызметте, спортта жоғары жетістікке жеткен жалынды жастарға табысталатын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы он номинация бойынша беріледі. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша аталмыш жүлдеге облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе газетінің тілшісі Айбек Тасқалиев «Журналистика» номинациясы бойынша лайықты деп табылды.

Толық марапаттау кезеңі алдағы аптада Нұр-Сұлтан қаласында өтеді деп жоспарлануда. Арнайы диплом және төсбелгімен қатар қомақты қаражатта табысталады.

Он жылдан астам уақыт журналистика саласында жұмыс жасап келе жатқан Айбек басында республикалық «Дала мен қала», «Нұр Астан» газеттерінде Ақтөбе  облысының меншікті тілшісі болған. 2014 жылдан бастап «Ақтөбе» газетінде қызмет етіп келе жатыр. 2012 жылы өткен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиалінің "Журналистика" аталымы бойынша I орын иегері. Сонымен қатар, Ұлттық Инновация байқауының, өзге республикалық байқаулардың жеңімпазы.

Бұған дейін аталмыш мемлекеттік сыйлықты ақтөбелік жастардың ішінде танымал әнші Димаш Құдайбергенов пен Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов алған болатын.