Ақтөбе облысының жаңалықтары

Келіндер қамыр жазып жарысты

2019-11-27 82

Ақтөбелік келіншектер ұлттық тағам жасап, салт-дәстүр түрлерінен өнер көрсетті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ұлттық асты әзірлеуде барын салған жас келіндер елдің алдында нан илеп, шеберліктерін шыңдады.

Сайыстың шарты бойынша бірінші кезеңде келіндердің ептілігі сыналды. Ұлттық дәстүрге қатысты сұраққа жауап берген келіндер отбасылық үйлесімділікті де көрсетті.

"Менің тұрмыс құрғаныма 4 ай болды. Үш ағайынды отбасының келінімін, екі абысыным бар. Қазір ата-анаммен, қайын аға, абысындарыммен бірге тұрамын. Отбасы – ең құнды ұғым. Қыздың​ ​​ ұзатылып,​ ​​ өз орнын тапқаны дұрыс. Ана болу арманым", - деді сайысқа қатысушы келін Шынар Әлібекқызы.

Талғампаз келіншектердің арасында жолдасының өтінішімен шараға қатысқандар бар.

"Менің отбасылы болғаныма 9 жыл. Өзім 19 жасымда жар атанып, тұрмысқа шықтым. Қазір үш балам бар. Сайыс туралы жолдасым айтып, менің де бақ сынағанымды қалады.  Әулетке бала келін болып келіп, кейін ана келін атандым, ендігі арманым - дана келін болу", - деді қатысушы Меризат Есенжолова.

​Ұйымдастырушылар үміткерлердің көп болғанын айтады. 40 шақты қыз-келіншектен 11-і іріктелген.

"Үлгілі келін – 2019" атты байқауы екінші рет өтіп жатыр. Қазір жастар арасында отбасын құрып, көп ұзамай ажырасып жатқандар жоқ емес. Сол үшін де отбасы құндылықтарын насихаттауды мақсат еттік", - деді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов.

Ақтөбеге келін боп түскен Маңғыстаудың қызы Ұлданай Мақсұтқызы "Үлгілі келін-2019" байқауының жеңімпазы атанса, Әсел Халидолла мен Меризат Есенжолова екінші және үшінші орындарды бөлісті. Байқау ұйымдастырушылары шара жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен марапаттады.