Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбе облыстық драма театр өнер бәйгесінен жүлдемен оралды

2019-11-25 135

Атырау қаласында өткен театрлар додасында жергілікті актерлар жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Рақымжан Отарбаев атындағы театр фестивалі биыл да жалғасын тапты. Дәстүрлі байқауға автордың қойылымдарын сахналау үшін әрбір өңірден тоғыз театр ұжымы жиналды.

Өнер бәйгесінде Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры «Темір Нарком» драмасын қойды. Кеңестік заманда халықтың жанашыры бола білген арыстардың бірі, тарихи тұлға Темірбек Жүргеновтың өмірі суреттелетін аталмыш қойылым қазылар алқасы мен көрермен тарапынан жоғары бағаланды.

Қорытындысында ақтөбелік театрдың ұжымы жүлделі екінші орынға ие болып, саяси қайраткерді сахнада тірілткен Нұрболат Өтеғұлов «Үздік актер» номинациясымен марапатталды.