Ақтөбе облысының жаңалықтары

Тараздағы оқушыны зорлау оқиғасы: 7 адам жұмыстан босатылды

2019-11-20 136

Тараз қаласындағы мектеп оқушысының зорлану оқиғасына қатысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова өз еркімен жұмыстан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған сұмдық жағдай бойынша барлығы 11 адам жауапқа тартылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Нурадин Рақай әлеуметтік желідегі «Фейсбук» парақшасында жариялады.

«Тараз қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі С.Мамытбеков, қалалық полиция басқармасының 2-полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Д. Мұсаев, 2-ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Н.Төлеуішов, қалалық 2-ПБ ювеналдық полиция жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Е. Юринаға қатаң сөгіс жарияланды. Жалпы білім беретін мекемелерге бекітілген кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспектор, полиция майоры Н. К. Рысбаев ішкі істер органдарынан шығарылды»,- деп атап өткен Н.Рақай жазбасында.

Сондай-ақ, ол білім саласы бойынша аталмыш оқу орнының мектеп директоры Л.Сманова, мектеп вахтері Г.Нуршабаева, директордық құқықтық ісі жөніндегі орынбасары А. Узбекова, әжетханаға сұранған оқушыны жіберіп, сабақ біткенше іздемеген физика-математика пәнінің мұғалімі В.Ким, мектеп ішіндегі кезекшілікке жауапты қазақ тілі пәнінің мұғалімі Б.Байкулова өз өтініштері негізінде қызметтерінен босатылғанын жазған.

«Қоғамдық резонанс тудырған мәселеге байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Тұрмаханбетова Рахия Сейітбекқызы да өз еркімен жұмыстан босатылды.

Еске сала кетейік, орын алған оқиғаға қатыста облыс басшысы тиісті сала мамандарына тиісті талап жүктеп, нақты шешімдер қабылдаған еді. Бүгінде сол тапсырмалар орындала бастады»,-деді баспасөз хатшысы.

Айта кетсек, Рахия Тұрмағанбетова аталған қызметке 2017 жылдың 26 маусымында тағайындалып, екі жылдан аса еңбек етті.

Еске сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, Тараз қаласындағы №6 мектепте болған сұмдық оқиға өткен аптаның жұма күні орын алған еді.

Аталған мектеп әжетханасында 7-сынып оқушысына азғындық әрекет жасаған 38 жасар күдікті көп ұзамай қолға түсіп, қамалған болатын. Сондай-ақ, бұған жол берген жауапты басшылар жаппай жазаланып, жұмыстарынан босатылып жатқандығын, жәбірленуші ауруханаға жатқызылғандығын, осыдан кейін облыстағы барлық мектептердегі қауіпсіздік шараларының күшейтілгендігін жазған болатынбыз.