Ақтөбе облысының жаңалықтары

Облыста жабайы қоқыс алаңы көбейді

2019-11-15 297

Облыс бойынша 700-ден астам жабайы қоқыс орны пайда болған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық экология департаменті қалалық әкімдікпен бірге рейдке шықты. Себебі қала маңында 300-ден астам қоқыс орны түзелген.

«Адамдардың жауапсыздығынан қала маңы қоқысқа толып кетті. Радиусы 50 шақырым жерді қарауға мүмкіндік болған кезде 747 қоқыс орны көрінді. Әрі жыл өткен сайын мұндай алаң көбейіп барады. Тазарту жергілікті атқарушы органға жүктелген. 2018-2019 жылдары 20 алаң тазартылды», - деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.

Бір күнде қалалық әкімдік қоқыс полигонына 90 тонна тұрмыстық қатты қалдық жеткізді. Көбі – құрылыс материалы.

«Тұрғындар үйлеріне жөндеу жасап, қоқысты далалыққа әкеліп тастайды. Қазір тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындардың жауапкершілігін арттыру парыз. Көктем мен күзде апта сайын сенбілік жүреді. Бұл да көмектеспей тұр», - деді сектор меңгерушісі Хасен Юсупов.

Айта кетейік, қалада тек бір қоқыс полигоны бар. Тұрғындар тұрмыстық қалдықты сол жерге жеткізуі қажет.