Ақтөбе облысының жаңалықтары

Оқушылар арасындағы жаппай төбелесті полиция басшысы түсіндірді

2019-11-13 247

Оқушы өліміне қатысты жасөспірімдер арасындағы төбелестің жиырма куәгері бар, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Полицейлер пышақ жарақатынан көз жұмған оқушы өлімін анықтады.  10 қараша күні Заречный ауылы «Жалғас» дүкенінің жанында 24 жасөспірім кездескен. 17 жастағы студентке қатысты «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалса, 11 сынып оқушысы «Бұзақылық» бабымен жауапқа тартылып жатыр.  

Облыстың бас полицейі жағдайды түсіндіріп берді.

«Жасөспіпімдер Заречный ауылыдағы «Жалғас» дүкенінің тұсында кездескен. Топтасып төбелесуден 2004 жылғы бала көз жұмды. Марқұм қаладағы №61 мектептің 10 сынып оқушысы.  Оқиға 10 қараша күні  кешкі уақыт 20:00 шамасында болған. Аталмыш мектептің оқушы қызы мен оның сыныптасы арасындағы түсініспестіктен осы жағдай туындаған. Ер бала қызға ренжітетін сөздер айтқан. Қыз өзінің танысына баяндаған. Кейін екі жақтың кездесуі болған. Қазір күдіктілер қолға түсті. «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» бабымен іс қозғалды. Жасөспірімдер төбелестен кейін мектеп оқушысы әкесінің аулада тұрған көлігін айдап кетіп, жарақаттанған баланы ауруханаға жеткізбек болған. Теміржол ауруханасының қасына жарақаттанған баланы тастап, өздері кетіп қалған. Полиция қызметкерлерімен аталмыш көлік тоқтатылды. Автокөлікті кәмелеттік жасқа толмаған 11 сынып оқушысы айдаған. Баланың ата-анасы балаларының көлікті алып кеткенін білмеген», - дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов.

Жаппай төбелеске 24 жасөспірім қатысқан. Оның 20-сы мектеп оқушысы. Барлық мектеп оқушысы куәгер ретінде жауап берген.