Ақтөбе облысының жаңалықтары

Мұздың беті қатқан жоқ!

2019-11-13 202

Су бетіне қатқан мұздың жұқа екенін хабарлаған құтқару қызметі облыс тұрғындары мен қонақтарына  су айдындарында абай болуды ескертеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі төтенше жағдай департаментіне сілтеме жасап.

Қостанай облысында мұз үстінде ойнаймын деп суға кеткен бүлдіршіндер оқиғасынан кейін құтқару қызметі шұғыл дабыл қақты. Облыстық төтенше жағдай департаменті жұқа мұзға шығуға, ойықтарға жақындауға, мұздың беріктігін аяқтың соққысымен тексеруге, алкогольдік және есірткілік масаң күйде мұзға шығуға және балаларды су қоймаларында қараусыз қалдыруға қатаң тыйым салады.

"Желтоқсан айына дейін мұздың беріктігі төмен болады. Сол себепті тұрғындардан тәуекелге бармау сұралады. Мұзға тек құтқару кеудешелерімен шығыңыз. Егер сіз мұз астында қалсаңыз қолды жаныңызға созып, мұзға кеудемен немесе арқамен жатуға тырысу керек. Жүзу қозғалысымен немесе шұңқырдың қарама-қарсы шетін аяқпен тіреп, көлденең қалыпта орналасыңыз. Алдымен бір аяғыңызды, содан кейін екіншісін мұз үстіне шығарыңыз. Мұз үстінен сырғып, құлап кеткен жерден алыстаңыз",-деген облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.