Ақтөбе облысының жаңалықтары

Мектеп оқушысы көз жұмды

2019-11-12 295

Қалалағы № 61 мектептің 10 "ә" сынып оқушысы Мадияр Исмағұлов адам қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Оқушы өлімімен аяқталған оқиға 10 қараша күні болған. Жасөспірімдер арасында болған төбелестен үш адам зардап шекті. Қазір төбелестің неден басталғанына қатысты  тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқушыға пышақ жарақатын салған күдікті қолға түсті.

"10 қараша күні кәмелетке толмаған балалар арасында тобелес болған. Төбелес кезінде бір бала көз жұмып, қалған екеуі пышақ жарақатын алған. Қазіргі уақытта күдікті қолға түсті. "Адам өлтіру"  бабы бойынша  тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті балалардың тәрбиесіне дұрыс қарау ата-ананың бірінші міндетін екенін алға тартып, ата-аналардан балаларының заңға қайшы әрекет етпеулерін сұрайды",-деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.

Марқұм болған жасөспірім отбасында төрт баланың үлкені. Толық отбасында тәрбиеленген. Ұстаздары жақсы мінездеме береді.

"Бізге полиция бөлімінен кешкі тоғыз шамасында жоғары сынып оқушыларың жиналғандығы жөнінде  хабар келді. Артынша баланың қайтыс болғанын айтты. Мадияр тәртіпті, көп сөйлемейтін, орнықты, үлгілі бала болды. Суретті өте жақсы салатын еді",-дейді № 61 мектеп  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Еркебаева.

Қазір мектепте оқушыларды кешкі мезгілде шығармау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.