Ақтөбе облысының жаңалықтары

Мектеп оқушысы халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанды

2019-11-11 202

Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Анталиядағы халықаралық пән олимпиадасының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Санжар Хамит география пәнінен І орын, ағылшын тілінен ІІІ орын иеленді. Жас зияткер мұғалімдердің қолдауымен халықаралық деңгейге көтерілгенін мойындайды.

"Санжар 7 сыныпта оқып жүргенде ағылшын тілін жетік білетінін байқағанмын. Оны мектеп олимпиадасына дайындалуға шақырдым.  Бірінші орынға ие болды, жетістіктері солай басталды", – деді зияткерлік мектептің ағылшын тілі мұғалімі Жанна Бакиршинова.

География пәнінен өткен олимпиада екі бөлімнен тұрды. Тестілеу және пән мен туризм бойынша практикалық кезең. Санжар география олимпиадасының 160 қатысушысының ішінен оза шапты.

"Олимпиадалардың арқасында өзін-өзі дамытуға деген қызығушылық пайда болды. Анталиядағы жеңістен кейін мен өзімді әртүрлі бағытта сынап көргенім бекер емес екенін түсіндім. Енді жаңа белестерді бағындыруға тырысамын", – деді тоғызыншы сынып оқушысы. Олимпиадаға жалпы білім беретін мектептердің бастауыш, орта және жоғарғы сынып оқушылары, Түркиядан, Ресей Федерациясынан және басқа ТМД елдерінен келген орта кәсіптік білім беру орындарының студенттері қатысады.

Айта кетейік, бұған дейін Санжар Хамит мектеп олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болған. «Go Global» Олимпиадасына қатысты әрі «Go West» IX халықаралық олимпиадасының ІІІ орын иегері.