Ақтөбе облысының жаңалықтары

Нан бағасы өзара келісіммен көтерілген болуы мүмкін

2019-11-06 33

Талдау нәтижесінде нан өндіретін төрт компанияның бағаны келісіммен көтерген белгілері анықталды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департамент басшысы Сағындық Ерғалиев айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласында әлеуметтік нан бағасы қазан айында 2 теңгеге көтерілді. Сол кезде бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департаменті талдау жүргізді.

«Біз нан бағасы туралы ақпараттарды сұратып, алдық. Нәтижесінде нан өндірушілердің бағаны өзара келісіммен, ақылдаса көтерген белгілері анықталды. Нан бағасы 4, 15, 17 қазан күндері көтерілген, біреуі 1 қарашада өсіруді жоспарлаған. Осыған байланысты нан бағасын көтерудің басты себептері анықталады. Өндірушілерге 10 күн уақыт берілді. Негізін түсіндіріп бермесе, баға қайта бірінен соң бірі көтерсе, тергеуге шығамыз», - деді бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департамент басшысы Сағындық Ерғалиев.