Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбе қаласында үйлестіру кеңесі құрылды

2019-11-06 48

Жаңадан төселген жолдың бетін бұзып, құбыр немесе басқа желі жүргізген мердігер жауапқа тартылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласында жол күрделі жөндеуден өткенімен, келесі жылы ол қайта қопарылып, құбыр тарту жұмыстары жиі жүріп жатады. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін қала әкімдігі жанынан үйлестіру кеңесі құрылды. Бұл туралы бүгін қоғам белсенділерімен кездескен қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров мәлімдеді.

«Ақтөбе – менің туған жерім. Сондықтан осы мекеннің тумасы ретінде қаланың алдағы болашағына алаңдаймын. Әкімнің қаулысымен үйлестіру кеңесін құрдық. Оған барлық коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің өкілдері кірді. Мысалы, көшеде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбес бұрын әкімдік үйлестіру кеңесіне хат жолдайды. Бір жылдың ішінде аталған көшеде қажетті жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек деп ескертіледі. Бір жылдан кейін кәріз жүйесін жаңарту үшін жөнделген жолды бұзатын болса, коммуналдық мекемелер жауапқа тартылады», - деді Жангелді Әубәкіров.